Алматы облысының полицейлері Арнайы және жұмылдыру даярлығы басқармасының қызметі туралы айтып берді
Алматы облысының ПД Арнайы және жұмылдыру даярлығы басқармасының қызметкерлері жұмыс дағдыларымен бөлісті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция қызметкері – халықтың қорғаны. Қылмысты ашуда, қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті сақтауда, жеке және заңды тұлғалардың, қоғамның, мемлекеттің, заңды мүдделерін қылмыстық және өзге де құқыққа қайшы қол сұғушылықтардан қорғауда полиция қызметкерлерінің атқарар еңбегі орасан зор. Ал осы міндеттерді абыроймен жүзеге асыру үшін полиция қызметкері кәсіби білімді, білікті, заңдылық, әділеттілік қағидаттарын басшылыққа алатын, қызметке шын берілген азамат болуы шарт.
Осы орайда аталған қасиеттерді шыңдауды, қызметкерлерге күрестің жауынгерлік тәсілдерін үйретуді, олардың атыс және дене шынықтыру дайындығын жетілдіруді Департаменттің Арнайы және жұмылдыру даярлығы басқармасының қызметкерлері жүзеге асырады.
Алматы облысы Полиция департаментінің Арнайы және жұмылдыру даярлығы басқармасының қызметкерлері жедел – тергеу тобына немесе патрульдеу бағыттарына тәуліктік кезекшілікке түсетін қызметкерлермен, олардың функционалдық міндеттерін білуі, құқық бұзушылық деректері орын алған жағдайда табельдік қару мен арнайы құралдарды, дене күшін заң талабына сай қолдана білу, сонымен қатар азаматтармен қарым – қатынаста ізеттілік және әдептілік талаптарын сақтауы бойынша нұсқау жүргізеді. Ал бұл даярлықтың бәрі қызметкерлердің қызметтік міндеттерін табысты орындауын қамтамасыз ететін бірден-бір шарт болып табылады.
– Полицейдің сыртқы келбеті азаматтардың сенімін және ішкі істер органдарының беделін нығайтуға септігін тигізуі тиіс, осыған байланысты полиция қызметкері әріптестері мен азаматтардың құрметіне лайық үлгілі сыртқы келбетін сақтауы тиіс екенін ескере отырып, әр аптаның жұма күні жеке құраммен саптық даярлық сабақтары өткізіледі.Тағы бір айта кететін жайт – ату даярлығы. Тәжірибелік оқу-ату жаттығу сабақтары ПД бастығының бұйрығымен бекітілген кесте негізінде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтай отырып, заман талабына сай салынған атыс тирлерінде ұйымдастырылып өткізіледі. Қызметкерлердің спорттық шеберлігінің деңгейін арттыру, салауатты өмір салты мен спортты насихаттау үшін дене шынықтыру даярлығы бойынша сабақтар, қызмет уақытының есебінен 1,5 сағат аптасына екі рет, екі топқа бөлініп өткізіледі. Бұл орайда Департаментте жақсы спортшы қызметкерлердің көп екенін атап өткім келеді. Бүгінде Полиция департаментінде және оның аумақтық бөлімшелерінде 2 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 9 спорт шебері, 77 спорт шеберіне үміткер және көптеген түрлі санаттағы спортшы полицейлер қызмет атқарады. Өткізіліп жатқан даярлық іс-шаралары бойынша жүргізілген талдау нәтижелері Департамент қызметкерлерінің кәсіби даярлық деңгейі өткен жылдармен салыстырғанда едәуір өскенін атап өтуге болады және бұл осы бөлімше жұмысының тиімділігін көрсетеді, – дейді Арнайы және жұмылдыру даярлығы басқармасының бастығы Аят Мұратбаев.
Күнделікті қоғамдық тәртіпті қырағылықпен қадағалайтын полиция қызметкері болу үшін білім де, білек те керек. Полиция қызметкерінің ұстамды болуы, азаматтармен тіл табыса білуі, сыпайы болуы да аса маңызды. Осындай толып жатқан талаптардың үдесінен шығуда аталған басқарма жүргізіп жатқан жұмыстардың тиімділігін көрмеу мүмкін емес.