75 жастағы зейнеткердің сөмкесін ұрлаған атыраулық ұсталды
75 жастағы зейнеткердің сөмкесін ұрлап кеткен атыраулық ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
14 қазан күні полиция бөліміне қала тұрғыны жүгініп, белгісіз біреу 75 жастағы әжесінің пәтеріне кіріп, 60 мың теңге ақша салынған сөмкесін ұрлап кеткенін айтып арызданды. Сыртқы есіктің ашық қалғанын пайдаланған ұры үйге кіріп, кіреберісте тұрған сөмкені алып, шығып кеткен.
Аталған факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабы 3-бөлігі 3-тармағымен (Ұрлық) қылмыстық іс қозғалды. Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында криминалдық полиция қызметкерлері осы қылмысқа күдікті 45 жастағы ер адам ұстады.
Ұрланған сөмкесі мен зейнетақысын қолына қайтарып алған 75 жастағы қария полиция қызметкерлеріне ризашылығын білдірді.
– Сөмкемді тауып, қайтарып әкелді, ішінде соңғы алған зейнетақым бар еді. №1 қалалық полиция бөліміне және ПД бастығы Қамза Үмбетқалиевке жақсы жұмыстары үшін рақмет айтамын, – деді Меңдіғалым Садырбайқызы.