89 жастағы зейнеткердің құлағынан сырғасын шешіп алып, ломбардқа тапсырған атыраулық ұсталды
Атырауда 89 жастағы зейнеткердің құлағынан сырғасын шешіп алып, ломбардқа тапсырған тұрғын ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
25 маусым күні сағат 10:30 шамасында 89 жастағы әжейге үйінің алдында белгісіз біреу шабуыл жасаған. Зейнеткердің оң жақ құлағынан алтын сырғасын жұлып алып, оқиға орнынан бой тасалап, қашып кеткен. Бейтаныс адамнан жәбір көрген ол Атырау қалалық Полиция басқармасына арызданады. Айтуынша, күдікті шамамен 25-30 жас аралығындағы ер адам болған. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 75 мың теңгені құраған.
Полиция қызметкерлерімен жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары кезінде аталған іске қатысы бар деген күдікпен 31 жастағы ер адам анықталып, ұсталды. Тергеу барысында күдікті олжасын қаладағы «Ломбард» мекемесіне тапсырғаны анықталды. Ол бұл әрекетін көшеде өтіп бара жатқан бейтаныс ер адамнан «көмек сұрау» арқылы жүзеге асырған.
Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 191-бабы 1 бөлігімен (Тонау) бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Қазіргі уақытта уақытша ұстау изоляторына қамауға алу бұлтартпау шарасын қолданды.