Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО полицейлері жолда тоқтап қалған жүргізушілерге көмек көрсетті

СҚО полицейлері жолда тоқтап қалған жүргізушілерге көмек көрсетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

– Орал қаласынан келе жатқанда, дөңгелегіміздің желі шығып кетті. Полиция қызметкері – есімін білмеймін, дөңгелегке жел беруге көмектесті. Үлкен рахмет. Осындай қызметкерлер көп болсын, – деп алғысын білдіріпті бейнежазбада Петропавл-Сергеевка автожолында тоқтап қалған Land cruiser 200 көлігінің жүргізушісі.

Кейін полицейдің есімі Фарит екені белгілі болды. Шал ақын ауданы полиция бөлімі әкімшілік полиция бөлімінің бастығы полиция майоры Фарит Закиров сол күні тексеріске шыққан. Аудан орталығы Сергеевкадан алты км жерде жол жиегінде тоқтап тұрған иномарканы байқайды. Көлікте бала-шағасымен жас отбасы болған. Істің мән-жайын анықтаған соң, полицей көмек көрсеткен. Жүргізуші қысқа ролик түсіріп, алғысын білдірген және оны Instagram желісіндегі солтүстікқазақстандық пабликтерге орналастырған.

Демалыс күндері патрульдік полиция батальоны қызметкерлері Елжас Мақұлов және Нұрсұлтан Оспанов та жолда тоқтап қалған тағы бір отбасыға көмектесті. “Көкшетау-Рузаевка” автожолының 101-ші шақырымында Audi-100 көлігінің істен шыққан қозғалтқышы жануға шақ қалған. Степногорсктан Новоишимское ауылына бара жатқан адамдар жақын маңда жүрген патрульдік экипажға жүгінген. Тәртіп сақшылары жүргізушіні жақын жердегі техникалық қызмет көрсету станциясына апарып, қажетті бөлшекті ауыстыруға көмектескен.

– Біз үйімізге жетіп алғанша, хабарласып тұрды. Жігіттерге алғысымыз шексіз, – деді риза болған жолаушылардың бірі.

– Адамдарға қол ұшын созу – халықтың өтініштеріне жылдам ден қоюға бағдарланған ішкі істер органдары қызметкерлерінің борышы. Алғыс білдіру – құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша жұмыстың жақсы атқарылғанын білдіреді және алдағы жұмысқа ынталандырады, – деді СҚО Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары  Қанат Айтбаев.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру