Түркістан облысында жанармай бекетіне қарақшылық шабуыл жасаған күдіктілер оқиға орнында қолға түсті
Түркістан облысында жанармай бекетіне қарақшылық шабуыл жасаған күдіктілер оқиға орнында ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түнгі сағат 03:55 шамасында Шардара ауданындағы полиция бөліміне жанармай бекеттерінің біріне қарақшылық шабуыл жасалғаны туралы шұғыл хабарлама келіп түсті. Шардара аудандық тәртіп сақшылары ақпарат бойынша бірден бағыт алып, оқиға орын алған жерге аттанды. Полицейлер аталған жайтты ҚР Қылмыстық кодексінің 192-бабы (Қарақшылық) бойынша тіркеуге алды.
Белгілі болғандай, жанармай бекетіне Nexia автокөлік келіп, оның ішінен беттерін медициналық бетпердемен бүркеп алған, қаруланған белгісіз ер адамдар түскен. Яғни, күдікті үшеу жанармай бекетіндегі кассаға баса көктеп кіріп, бірнеше минут ішінде қарақшылық шабуыл әрекетін жасаған. Сол сәтте аталған орында жанармай бекетінің екі қызметкері болған. Күдіктілер аталмыш кассир мен оның көмекшісін қорқытып, ақша талап етіп, кассадағы 120 мың теңгені жымқырып кеткен. Ақшаны қолға оңай түсірген күдіктілер, бекет маңында көлікте тосып тұрған төртінші сыбайласымен бірге бой тасалап үлгерген. Шардара мен Жетісай ауданының полицейлері қылмыскерлердің ізіне түсіп, нәтижесінде күдіктінің екеуін қолға түсірді.
– Қылмыс түнгі уақытта болғандықтан көрген-білген куәгерлер жоқ. Оған қоса күдіктілер жедел қимылдап, қашып үлгерген. Бізге хабар келісімен олардың әрекеттерін сараладық. Және олардың алдын ала сөз байласып, жоспар бойынша қылмыс жасаулары мүмкін деп топшыладық. Содан олардың Жетісай ауданы бағытына қарай кеткенін анықтап, полицейлер толық құрамда қылмыскерлерді ұстауға шықты. Жедел уәкілдеріміз қарақшылардың соңына түсті және Жетісай ауданындағы полицейлерге хабар берді.
Осылайша екі ауданның полицейлері бірлесе отырып, қарақшылардың көлігін оқиға орнынан 40 шақырым қашықтыққа орналасқан Жетісай ауылдарының бірінен тоқтатты. Қызметтік көлікпен соңдарынан жеткен полицейлерді көрген қарақшылар көлікті тастаған күйі қашуға әрекет еткен. Алайда полицейлердің кәсіби шеберлігі нәтижесінде, күдіктінің екеуі дәл сол сәтте ұсталды. Олар қамауда. Ал қалған екі күдікті бой тасалап кетті, сондықтан оларға қатысты іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Қылмысты ашу барысында екі күдіктінің Жетісай ауданының тұрғыны, үшіншісі Ақмола облысының, соңғысы Шымкент қаласының тұрғыны екендігі және төртеуінің де бұрын сотты болғандығын анықтадық. Біз іздестіру мен тергеу амалдарын одан әрі жалғастыра беретін боламыз, – деп атап өтті полиция подполковнигі.