Тұрғынның көлігін заңсыз айдап кеткен сарыағаштық жігіт анықталды
Түркістан облысының полицейлері тұрғынның автокөлігін заңсыз айдап кеткен жігітті анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сарыағаш АПБ-ға жергілікті тұрғын арызданып келген. Онда жәбірленуші азаматтың айтуынша, үйінің алдынан Лада 21144 автокөлігін белгісіз біреу айдап кеткенін көрсеткен.
Аталған дерек ҚР ҚК-нің 200-бабы (Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу) қылмыстық құқық бұзушылығы бойынша тіркелді. Түркістан облысы полицейлері бұл іс бойынша жедел іздестіру шараларын бастап кетті. Нәтижесінде полиция қызметкерлері күдіктіні бір тәулікке жетпей Шымкент қаласынан ұстады. Белгілі болғандай, күдікті азамат Сарыағаш қаласынан отбасылық жағдайына байланысты Шымкент қаласына келген. Межелі жеріне жетіп алуды көздеген ол, үйдің алдындағы автокөлікті көрген. Содан соң оның есігінің ашық тұрғанын пайдаланып, заңсыз айдап кеткен. Осылайша күдікті көздеген жеріне жете алмай көлігі бұзылып, Шымкент қаласындағы көшелердің біріне тастап кеткен. Бүгінде ұрланған автокөлік заңды иесіне қайтарылды. Қазіргі таңда күдікті жас жігітке қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Түркістан облысының полицейлері автокөлік иелеріне сақ болуды және көліктерін қараусыз қалдырмауды ескертеді. Сондай-ақ мүмкіндігінше, автокөліктерді күзетілетін тұраққа қойып, күзет дабылымен жабдықтау қажет. Автокөлік ұрланған жағдайда, тез арада полицияға 102 телефоны арқылы хабарласыңыз.