Алматыда қаржы пирамидаларының 4 ұйымдастырушысы сотталды
Алматыда қаржы пирамидаларының төрт ұйымдастырушысы сотталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қалалық ПД Тергеу басқармасының мәліметінше, қаржылық пирамидаларға қатысты төрт қылмыстық іс бойынша өндіріс аяқталды. Олардың қылмыстық әрекеттерінен барлығы 500-ге жуық адам зардап шекті. Келтірілген шығынның жалпы сомасы 1,5 миллиард теңгені құрады.
– Олардың бірі – 33 жастағы А.Лим есімді азамат, ол 2017 жылдың ақпан айынан 2018 жылдың тамыз айына дейін алаяқтық әрекеттер жасау мақсатында азаматтардан инвестиция (қаражат) тартып, «LS ins” ЖШС құрған, азаматтар салған қаражатты толық көлемде және ешбір тәуекелсіз қайтаруға жалған кепілдік бере отырып, спорттық ойындардың нәтижелеріне ақша қою арқылы пайда көргісі келген. Көбірек баю мақсатында Л.есімді азамат инвестицияланған қаражат бойынша сыйақыны кез келген уақытта, әртүрлі тәсілдермен: картаға, банктік шотқа немесе кеңсеге аудару арқылы алуға болатынына “кепілдік берді”. Алданған азаматтардың арыздары бойынша 188 қылмыстық іс тіркеліп, жалпы шығын 1 440 281 000 теңгені құрап отыр, – деді Алматы қалалық ПД бастығының орынбасары Рүстем Әбдірахманов.
Алмалы аудандық сотының қаулысымен А.Лим есімді азамат 6,5 жылға бас бостандығынан айырылды.
– Сонымен қатар, Тергеу басқармасының өндірісінде Д.Алдабергеноваға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ол әлеуметтік желі арқылы инвестициялық жобаның ашылғанын хабарлаған. Жобаның мәні букмекерлік кеңселерде, сондай-ақ әртүрлі бизнес жобаларға ставка жасау үшін салым салу арқылы қаражатты көбейту болды. Осылайша, салымшылар Д.Алдабергеноваға және басқа адамдарға 30% және 50% пайда алу үшін банк карточкалары арқылы ақша аударған, бірақ кейіннен қаражатты аударғандарымен, олар пайданы алмаған. Күдікті Алмалы аудандық сотының судьясымен алты жыл сегіз айға бас бостандығынан айырылды, – деді Әбдірахманов.