Алматы полициясы интернет-дүкенді тонаған үш жігітті құрықтады
Алматы полициясы интернет-дүкенді тонаған үш жігітті құрықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жаппай тәртіпсіздік кезінде белгісіз біреулер Гоголь көшесінде орналасқан интернет-дүкеннің кеңсесіне кіреберіс есігін бұзып кіріп кеткен. Олар көтере алатын заттың бәрін алған.
Үш жас жігіт жеңіл ақшаға құмар болып шықты. Олардың ең үлкені – 30 жаста, ол Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы, бұған дейін де бөтеннің мүлкін ұрлағаны үшін сотталған.
23 жастағы Шығыс Қазақстан облысының тумасы мен 22 жастағы алматылық азаматтың алғаш рет қылмыс жасағаны анықталды.
Күдіктілерді ПД Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері ұстады.
Тінту кезінде екі ноутбук, үш бу тазалағыш, екі күртеше, спорттық костюм және басқа да тауарлар тәркіленді.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс тергелуде.