Түркістан облысында тұрғыннан 9 келі есірткі мен 30 оқ-дәрісі бар қару тәркіленді
Түркістан облысында тұрғыннан тоғыз келі есірткі мен 30 оқ-дәрісі бар қару тәркіленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы Полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлерімен есірткі қылмыстарын болдырмау мен алдын алу мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді.
Мәселен, Шардара ауданында киелі өңірдің полицейлері жедел шараларды жүргізу кезінде өз үйінде есірткіге ұқсас затты, қаруды, оқ-дәрі мен пышақты сақтаған ер адамды ұстады. Күдікті ұсталған уақытта есірткілік мас күйде болған.
Нақтырақ айтар болсақ, тәртіп сақшылары ұсталған жергілікті тұрғынның үйін тінту барысында сейфінен тоғыз келіге жуық есірткіге ұқсас затты, үш дана жиналмалы пышақ пен 30 оқ-дәрісі бар қаруды тәркіледі.
Сараптама қорытындысы тәркіленген есірткінің “кептірілген марихуана”, ал қаруға қатысты жасалған сараптаманың қорытындысы “Сайга” маркалы мылтық екенін растады.
Бүгінде ұсталған ер азаматқа қатысты екі бірдей баппен, яғни ҚР ҚК-нің 287-бабы (Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) және 296-бабы (Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Ұсталған ер азамат қамауға алынды. Қазіргі таңда оқиғаның толық мән-жайы анықталуда.