Петропавлда зейнеткерден ақша ұрлады деген күдікпен ер адам ұсталды
Петропавл қалалық Полиция басқармасы Бірінші полиция бөлімінің қызметкерлері зейнеткердің ақшасын қолды қылды деген күдікпен ер адамды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицияға “Уют” дүкенінің маңында белгісіз қылмыскер егде жастағы әйелдің әмиянін ұрлады деген хабарлама келіп түсті. Жәбірленушінің сөзіне қарағанда, белгісіз ер адам оған пәтеріне дейін көтерілуге көмектескен, ішуге су сұрап, кетіп қалған. Көп ұзамай әйел 120 мыңнан астам теңгесі салынған әмиянінің жоғалғанын анықтайды.
Осыған ұқсас жағдай бірнеше күннен кейін, 314-ші Атқыштар дивизиясы көшесінде орын алған. Бұл жағдайда үй подъезінен пәтеріне жету үшін ер адамның көмегін қабыл алған әжейдің 16 мың теңгесі жоғалған.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында қалалық Полиция басқармасы Бірінші полиция бөлімі криминалдық полиция қызметкерлерімен аталған құқық бұзушылықтарды жасауда күдікті анықталып, ұсталды. Күдікті Петропавлға отбасылық мәселелері бойынша келген 30 жастағы елорда тұрғыны болып шықты. Ол ақшаны жеке мақсатта жұмсағанын атап өтті.
Қазіргі уақытта аталған фактілер ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 1-бөлігі (Ұрлық) және ҚР Қылмыстық кодексінің 191-бабы 1-бөлігі (Тонау) бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Ер адам қамауға алынды, тергеу жүргізілуде.