Қостанай облысында тұрмыстық қылмыстың алдын алуға ақсақалдар кеңесі қатысуда
Қостанай облысында тұрмыстық қылмыстың алдын алуға ақсақалдар кеңесі қатысуда, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қостанай облысында ақсақалдар кеңесі полицейлермен бірлесіп отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында құқық бұзушылыққа жол берген адамдармен профилактикалық жұмыс жүргізуде. Аталған кеңестер қалалар мен аудандар әкімдіктері жанында құрылған, олардың құрамына өмірлік тәжірибесі мол беделді адамдар кіреді. Бұндай тәжірибе көптеген адамдарға дұрыс жолға түсуге көмегін беруде.
Өңірде 24-30 қаңтар аралығында «Тұрмыс» республикалық операциясы жүргізілуде. Жедел алдын алу іс-шарасы өткізілген екі күн ішінде ішкі істер органдарында есепте тұрған 3 мыңнан астам адам отбасылық бұзақы ретінде тексерілді. Алкоголь және есірткіге тәуелділіктен мәжбүрлеп емдеуге 32 материал жолданды.
– Статистика көрсеткендей, құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың көпшілігі мас күйінде жасалады. Мысалы, екі күн ішінде облыста полицейлер 300-ден астам әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады, олардың 94-і тұрмыста және 90%-ы мас күйінде жасалған, – деп атап өтті ақсақалдар кеңесінің өкілі Оразалы Жақсанов.
Ақсақалдар кеңесіне Әулиекөл ауылының тұрғыны жұбайына қатысты шара қолдану туралы өтінішпен жүгінді. Әйелдің айтуынша, ер адам үнемі ішімдік тұтынады, жанұядағы кәмелетке толмаған екі бала әкелерін әрдайым мас күйінде көреді.
– Біз ер адаммен бірнеше рет әңгімелесулер өткіздік. Қазір ол ішпейді, жұмысқа тұрды және мәжбүрлі емделусіз тәуелділіктен арылды. Әрине, бұл бір ғана әңгімелесудің нәтижесі емес. Мұндай жұмысқа аға буын өкілдерінің қосылуы олардың түзелу жолына түсуіне көп ықпал етеді, – деп атап өтті Әулиекөл ауданының полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Бақытжан Мырзаболатов.
Ақсақалдар кеңесінде жедел алдын іс-шарасы кезінде есепте тұрған тұлғаларға қатысты 32 материал қаралды.
Қостанай қаласының Полиция басқармасында үйдегі зорлық-зомбылық мәселелеріне арналған кездесу өтті, оған полицияның есебінде тұрған адамдар қатысты. Іс-шараға ақсақалдар кеңесінің өкілі Оразалы Жақсанов, Қостанай қаласының тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған орталықтың психологы Ирина Данилицкая және полицейлер де ат салысты.
– Бүгінгі таңда үйдегі зорлық-зомбылық мәселелерін шешуге бүкіл қоғам болып қатысу керек, бұл мәселеде бей-жай қалуға болмайды. Адам өмірі мен денсаулығына қауіп төнген кезде мамандарға немесе полицияға уақтылы жүгінудің маңызы зор, – дейді психолог Ирина Данилицкая.
Қостанайда осындай жағдайға тап болған адамдар үшін сенім телефоны жұмыс істейді. 8-705-662-96-21 телефоны бойынша хабарласуға болады.