Қызылорда облысында сотталғандарға әлеуметтік көмек көрсетілді
Қызылорда облысында сотталғандарға әлеуметтік көмек көрсетілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Арал аудандық пробация есебінде тұрған тұрмыс жағдайы төмен үш сотталушының отбасына әлеуметтік көмек көрсетілді. Жалпы аудан бойынша 75 адам оқшаулаумен байланысты емес жаза түрлерімен сотталған.
Айта кетейік, Б есімді азамат 2017 жылы 26 қазанда Шиелі аудандық сотының үкімімен ҚР ҚК-нің 300-бабы 2-бөлігі 3-тармағы (Құрамында есiрткi заттар бар, өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi заңсыз егіп-өсіру), 29-бабының 2-бөлігі (Қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайлас қатысушылардың жауаптылығы), 58-бабы 3-бөлігімен (Қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша жаза тағайындау) кінәлі деп танылып, бес жыл бас бостандығынан айырылған болатын. Одан кейін Қызылорда облыстық қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен өтелмеген бөлігі екі жыл 11 ай тоғыз күн бас бостандығын шектеу жазасына ауыстырылды. Сонан соң 2019 жылдың 1 шілдесінен аудандық пробация қызметінің есебіне алынды.
– Аудан әкімшілігінің қолдауымен пробация қызметкерлері отбасыма азық-түлік әкеп жатыр. Бұл бірінші рет емес, бізге әрдайым әртүрлі бағытта көмек қолдарын созуға даяр тұратын пробация қызметінің ұжымына шынайы ризашылығымды білдіремін. Өзімнің жаза басқаныма өкінемін. Енді тек бар күш-жігерімді өз отбасым мен балаларымның болашағына жұмсаймын, – деді сотталған.