22 жастағы шымкенттік бөтен біреудің үйіне ұрлыққа түскен
22 жастағы шымкенттік бөтен біреудің үйіне ұрлыққа түскен, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Әл-Фараби ауданы Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданған. Оның айтуынша, белгісіз адам күндізгі сағат 12:00 шамасында үйіне заңсыз кіріп, құны 30 мың теңгені құрайтын екі әтірін, 10 мың теңгелік қол сөмкесін, сондай-ақ бес мың теңге тұратын телефон қуаттағышын қолды еткен. Келтірілген шығын көлемі 45 мың теңгені құраған.
Белгілі болғандай, арызданушы пәтеріне келген сәтте үйдің есігі ашық тұрғанын көреді. Содан үйіне кірген сәтте белгісіз біреудің заттарын ақтарып, қажеттілерін сөмкеге салып жатқанын байқап қалады. Тұрғынды көрген ұры бірден қашуға ұмтылған. Оны тоқтатып ұстауға тырысқанымен, әккі ұры күш қолданып, оқиға орнынан сытылып шыққан.
Хабарды алған Әл-Фараби АПБ-ның қызметкерлері оқиға орнына жедел жетіп, қажетті іс-шараларды жүзеге асырды. Жақын аумақтағы бейнебақылау жүйелері жіті қаралды. Арыз иесінен және көрген-білгендерден жауаптар алды. Нәтижесінде, сақшылар ұрлық жасаған азаматты қала аумағынан қолға түсіріп, басқармаға жеткізді. Ол 22 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты.
Қазіргі кезде оған қатысты ҚР ҚК 191-бабымен (Тонау) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
-18 қаңтарда Әл-Фараби аудандық Полиция басқармасына тонау жайты бойынша арыздандым. Үйіме белгісіз біреу заңсыз кіріп, менің заттарымды қолды еткен болатын. Осы іс бойынша заң шеңберінде тексеру амалдарын жүргізген тергеуші Шыңғыс Исаға алғысым шексіз. Бүгінде іс сотқа жолданды. Сіздердің алдағы жұмыстарыңызға табыс тілеймін!, – деп алғысын жеткізді шағымданушы Жафар Анваров