Ақтөбе облысында көлік жүргізушісі 15 жастағы жаяу жүргіншіні қағып кетті
Ақтөбе облысында көлік жүргізушісі 15 жастағы жаяу жүргіншіні қағып кетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе облысының аумағында жаяу жүргіншілердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында 2-6 ақпан аралығында «Назар аударыңыз, жаяу жүргінші!» жедел-профилактикалық іс-шарасы жүргізілуде.
Іс-шараның екі күнінде облыста полицейлер 666 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Оның ішінде мас күйінде көлік құралын басқарған – 10, жаяу жүргіншілер өткелінен өту ережесін сақтамаған үшін – 388 және бес жүргізуші қарсы қозғалыс жолағына шыққаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
3 ақпанда таңғы сағат 09:00 шамасында Хромтау қаласындағы Целинная көшесінде жол-көлік оқиғасы орын алды. SsangYong автокөлігінің 53 жастағы жүргізушісі 15 жастағы жаяу жүргіншіні қағып кетті. Кәмелетке толмаған жаяу жүргінші Хромтау аудандық ауруханасына жеткізілді.
Ақтөбе облысының Полиция департаменті жүргізушілерді тұрғын үй аймағында және аула аумақтарында қозғалыс кезінде мұқият болуды ескертеді.