Жас полицейдің жеңіс жолы
Polisia.kz сайты жас полицейдің жеңіс жолы туралы ақпарат ұсынады.
Мамыр айында Алматы қаласында өткен Қазақстан кубогында Ақтөбе облысының намысын қорғаған 23 жасар Дінислам Сағитжан грек-рим күресінен қола жүлдені иеленді. Аймақтардың алпауыттары бас қосқан аламанда намысты қолдан бермей, үздік үштіктің қатарынан табылған жас спортшы – Ақтөбе облысы полиция департаментінің жылдам қимылдайтын арнайы жасағының жас жауынгері.
Дінисламның жеті жасынан бастап спортқа ден қоюына алдымен әкесі ықпал етіп, алғашқы жаттырушысы да өзі болған. Шалқар қаласында мектепте оқып жүрген кезінен спорттық сайыстарға белсенді қатысып, алғашқы жеңістеріне жеткен. Облыстың сайыстың алғашқы алтынын грек-рим күресінен 2015 жылы алғашқы мүшеліне толмай-ақ таққан.
Кейін шеберлігін Ақтөбедегі спорт мектебінде шыңдаған. Бапкері Ерлан Мырзағұловтың баптауымен еңбекқор, намысты жігіт жастайынан грек-рим күресі бойынша ел біріншіліктерінде ғана емес, халықаралық деңгейдегі аламандарда да топ жара бастаған.
Бүгінде Дінислам Сағитжанның қоржынында Испанияда өткен әлемдік доданың (2024) алтын жүлдесі, Иорданияда өткен әлем чемпионатының (2024) қола жүлдесі де бар.
Бозкілемде қарсыласына бой бермейтін жас жігіт биыл өзі армандаған арнайы жасаққа қызметке кіруі жағымды жетістіктермен жалғасқанына өзі де риза.
— Арнайы жасаққа ең жігерлі, әрі білекті ғана емес, жүректі жігіттер жиналатынына қанықпын. Олардың дайындығы жоғары, елімізді кез-келген қауіп-қатерден қорғауға әрдайым әзір. Мансаптық жолды таңдауға келгенде, жігер-қайратымды осы салаға арнауды шештім. Алдағы уақытта байрақты бәсекелерде ел намысын қорғаумен ғана емес, Отанымды қорғаумен де айналысатыным - мен үшін үлкен мәртебе, — дейді жас полицей.
Бүгінде халықаралық дәрежедегі спорт шебері Дінислам Сағитжан спорт пен қызметті үйлесімді ұштастырып жүр. Алда жаңа мақсаттар — грек-рим күресінен 2026 жылы Лас Вегаста өтетін әлем чемпионатында және 2028 жылы Лос Анжелесте өтетін олимпиада ойындарында тәуелсіз еліміздің спорттық намысын асқақтату.
