Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағанды өңірінде салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған шара өткізілді

Қарқаралы ауданында, тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің туған жерінде, ауқымды спорттық шара – "Qarqaraly Bugyly trail" марафоны өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Тұңғыш қазақ ғарышкерінің 80 жас мерейтойына арналған бұл іс-шара өңір тұрғындарының салауатты өмір салтын ұстануға және есірткіге қарсы күреске деген берік ұстанымын айқын көрсетті. Бастамаға Қарағанды облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы жан-жақты қолдау көрсетіп, жарысты ұйымдастыру мен өткізуге белсене қатысты.

Жарыс басталар сәтте спорттық жігер мен бірлік рухы ерекше сезілді. Марафонға әртүрлі жас санатындағы және дайындық деңгейіндегі 600-ге жуық спортшы қатысты. Қатысушылар Қарқаралы өңірінің көркем табиғаты аясындағы күрделі бағыттарды зор ынтамен бағындырды. Олардың қатарында халықаралық марафондардың бірнеше дүркін жеңімпазы, танымал спортшы Думан Бейсенбаев та болды. Оның қатысуы шараның мәртебесін арттырып, жас спортшыларға ерекше серпін берді. Марафонға қатысушылар таулы аймақпен өтетін 50 шақырымдық қашықтықты еңсерді.

Жарыс жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде үздік қатысушыларға Қарағанды облысы полиция департаментінің атынан сыйлықтар табысталды.

"Qarqaraly Bugyly Trail" спорттық жарысымен қатар, есірткінің зияны туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылып, қатысушылар мен көрермендерге салауатты өмір салтын насихаттайтын ақпарат ұсынылды. Шараға жастардың белсенді қатысуы спорттың пайдалы өмірлік ұстанымдарды қалыптастырудағы маңызын айқындай түсті.

Іс-шара спортты дамытуға ғана емес, қоғамда есірткіге қарсы мәдениетті қалыптастыруға және мемлекеттік органдар мен қоғамның өзара іс-қимылын нығайтуға бағытталған маңызды бастама болды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру