Түркістан облысында 22 аккумуляторды жымқырған ер адамға қатысты сот үкімі шықты
Түркістан облысында 22 аккумуляторды жымқырған ер адамға қатысты сот үкімі шықты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Өткен жылдың маусым айында Түлкібас АПБ-ға жергілікті тұрғындар келіп, белгісіз адамдар автокөліктерінің аккумуляторын ұрлап кеткені жөнінде арызданған.
Түлкібас АПБ-нің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шарасын жүргізу барысында Сарыағаш ауданының тұрғынын ұстады. Күдіктінің жалпы құны 1,6 млн теңгеден асатын 22 аккумулятор ұрлығы жайтына қатысы бар екені белгілі болды. Аталған жайтты полицейлер ҚР ҚК 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеп, күдікті ер азаматқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын жүргізді.
Полицейлер анықтағандай, орта жастағы ер адам түнгі мезгілде көлік иелерінің жоқтығын пайдаланып, арам ойын іске асырып жүрген. Өткен жылдың маусым айының басында Түлкібас елді мекенінің тұрғынына тиесілі Mercedes-Benz көлігінің ішінен 30 мың теңгелік аккумуляторды ұрлаған.
Дәл сол күні КамАЗ жүк көлігінен екі аккумуляторды ұрлап, тұрғынға 120 мың теңгеден астам шығын келтірген. Ұрланған заттарды сатып, ақшасын өз қажеттілігіне жұмсағандығы белгілі болды.
Полицейлер істі толығымен аяқтап, айыптау актісімен бірге сотқа жолдады. Нәтижесінде, күдікті деп танылған ер адамға сот шешімімен төрт жыл алты ай мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды.