Үйінде мефедрон мен Макаров тапаншасын жасырған алматылық жігіт ұсталды
Үйінде мефедрон мен Макаров тапаншасын жасырған алматылық жігіт ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Есірткі сатушысын ұстау бойынша арнайы іс-шараны Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері полицияның арнайы жасақтарының көмегімен жүргізді.
– Жедел-іздеу іс-шараларын жүргізу барысында 26 жастағы Г.есімді азамат ұсталды. Оның тұрғылықты жерінде рұқсат етілген тінту кезінде, одан ақ түсті ұнтақ заты бар екі полиэтилен бума және төрт патрондары бар Макаров тапаншасы табылды және тәркіленді. Сараптама қорытындысына сәйкес, бұл зат “мефедрон” синтетикалық есірткісі. Мамандардың айтуынша, тәркіленген тапанша ұңғысын ауыстыру арқылы оқ атуға арналған атыс қаруы болып есептеледі. Қару атуға жарамды, – деді Алматы қалалық ПД Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы Ерлан Әлмағамбетов.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс ҚР ҚК-нің 297-бабы 1-бөліміне сәйкес тергеліп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.