Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысының тұрғыны бұрынғы жұмыс орнынан 3 тонналық цистернаны ұрлаған

Түркістан облысының тұрғыны бұрынғы жұмыс орнынан 3 тонналық цистернаны ұрлаған, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазығұрт аудандық полиция бөліміне аудандағы шаруа қожалықтың бірінің иесінен арыз келіп түсті. Жәбірленуші тараптың айтуынша, белгісіз біреулер шаруа қожалықтың  қоршалмаған жер учаскесінде тұрған темірден жасалған үш тонналық тіркемелі темір цистернасын жымқырып кеткен. Келтірілген шығын көлемі 500 мың теңгені құрады. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеуге алынды.

Орын алған ұрлықты тез арада ашып, күдіктіні анықтау мақсатында тәжірибелі тәртіп сақшыларынан жедел-тергеу тобы құрылды. Жедел уәкілдер мен учаскелік полиция инспекторлары оқиға орнына жақын аймақтарды мұқият қарап шықты. Сұрастыру жұмыстарын жүргізді. Барлық бейнебақылау камералары тексерілді. Нәтижесінде, жинақталған ақпарат көздері арқылы күдікті бір тәулік ішінде анықталды. Ол осы қожалықта бұрын жұмыс жасаған ер адам болып шықты.

Белгілі болғандай, осы жерде жұмыс жасаған күдікті ер адам су тасуға арналған цистернаны сатып, пайда табамын деген ниетін жүзеге асырған. Арнайы трактор көлігін жалдап әкеліп, қараусыз тұрған цистернаны алып кеткен. Оны Сарыағаш ауданының тұрғынына 150 мың теңгеге сатып жіберген. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүгізілуде. Ал ұрланған цистерна айғақты зат ретінде алынып, заңды иесіне қайтарылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру