Қызылордада есептегі сотталғандар тарихи мұражайға барды
Қызылордада есептегі сотталғандар тарихи мұражайға барды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сырдария аудандық пробация қызметі аудандық прокуратурамен бірлесіп, пробация есебінде тұратын 15-тен астам сотталғанды аудандық тарихи-өлкетану мұражайына алып барды. Мұражай қызметкері сотты болған азаматтарды жылы шыраймен қарсы алып, 2017 жылы ашылған «Еңбек даңқы» залы бойынша құнды экспонаттар мен мұражай тарихынан толық мәліметтер көрсетіп, кеңінен мағлұмат берді.
«Енбек даңқы» залында ауданның қалыптасуы мен даму тарихына үлес қосқан, ел игілігі үшін қызмет істеген еңбек адамдары, осы ауданнан шыққан, есімі тарихта қалған тұлғалар туралы мәліметтерді сотталғандар қызыға тыңдады. Көненің көзі, ескінің өзінен сыр шертетін тарихи-өлкетану мұражайының қорында 10 мыңнан астам экспонат бар. Экскурсиядан рухани азық алған сотталғандар пробация қызметкерлеріне алғыс айтты.
– Есептегі сотталғандарды қоғамнан оқшауламай, ортаға бейімдеу, олармен құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында осындай шараларды жиі өткізіп тұрамыз. Сонымен қатар, әлеуметті-құқықтық көмек көрсету бағытында да жергілікті мемлекеттік органдардың қызметкерлерімен кездесулер өткізіліп тұрады, – деді аудандық пробация қызметінің аға инспекторы А.Сақыбеков.