Мәжіліс депутаты Алматы академиясының ұжымымен кездесті
Мәжіліс депутаты Алматы академиясының ұжымымен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Парламент Мәжілісінің депутаты Мәди Ахметов Қазақстан Республикасы ІІМ М.Есболатов атындағы Алматы академиясының профессорлық-оқытушылар құрамымен және тыңдаушылармен кездесіп, оқу орнының тыныс-тіршілігімен танысты.
Академия басшысының орынбасары С.Кененбаев Мәжіліс депутатына жаңартылған оқу кабинеттерін, компьютерлік сыныптарды, акт залын көрсетіп, тәжірибелік-бағдарлы оқыту бағдарламаларын енгізу жөніндегі жұмыстармен таныстырды.
Сондай-ақ, ол білім ордасындағы киберорталықтықтың жұмысымен және генерал Рүстем Қайдаров атындағы кабинетпен танысып, Халық қаҺарманы Ғазиз Байтасовтың тақтасына гүл шоғын қойды.
Депутат М.Ахметов академия курсанттары мен тыңдаушылары тұратын казармаға да келіп, олардың тұрмыстық жағдайымен танысты. Курсанттардың өмірімен таныстыру петанк ойнауға арналған ашық алаң мен демалыс аллеясында жалғасты.
Академия клубында жеке құраммен кездесуде түйткілді мәселелерді шешуге қатысты пікір алмасуға баса назар аударылды. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Мәди Ахметов өз сөзінде Алматыдағы қаңтар оқиғасы кезіндегі лаңкестік әрекеттерді тоқтатуға ат салысқан ұжымға алғыс айтып, оқу орнының киберқауіпсіздік саласындағы мамандар мен Ішкі істер министрлігінің жоғары басшы кадрларын даярлау жұмысының маңыздылығын атап өтті.
Сондай-ақ, М.Ахметов Мемлекет басшысы алға қойған міндеттер тұрғысында сайланбалы органның қызметі, заң шығару бастамалары, Әлеуметтік кодексті әзірлеу және басқа да басым мәселелер туралы хабардар етті. Еліміздің құқық қорғау жүйесінде жүргізіліп жатқан реформаға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске, қызмет көрсетудің жаңа үлгісі аясында ішкі істер органдарын жаңғыртуға қатысты мәселелер туралы ойын ортаға салды.
Кездесуге қатысушылар академия қызметкерлері үшін тиімді әлеуметтік пакет құруға, яғни тұрғын үй жалдау өтемақысын төлеуге, жалпы олардың еңбегін материалдық ынталандыруға қатысты түйткілді мәселелерді талқылады.
Жеке құрамның барлық өтініштерін тыңдаған Мәжіліс депутаты академияның материалдық-техникалық базасын жақсартудың нақты мәселелерін шешуге ықпал етуге, оның ішінде әлеуметтік блок пен жабдыққа қатысты ең өзектілерін бақылауға алуға уәде берді.