Мектеп ішінде жарылғыш зат бар деп жалған хабарлама берген атыраулық ұсталды
Мектеп ішінде жарылғыш зат бар деп жалған хабарлама берген атыраулық ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау қаласы Полиция басқармасының 102 номеріне белгісіз тұрғын қоңырау шалып, Атырау қаласында орналасқан орта мектеп ғимараттарының бірінде жарылғыш зат орнатылғаны туралы хабарлаған. Полиция қызметкерлері жедел түрде тиісті шаралар қолданып, тексеру жұмыстарын жүргізді.
Тексеру нәтижесінде жарылғыш зат анықталмады.
Тәртіп сақшыларының жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында 23 жастағы тұрғын анықталып, ұсталды. Наркологиялық сараптаманың қорытындысымен аталған азаматтың «жеңіл дәрежедегі» мас күйде екендігі анықталды.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 273-бабы (Терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Өзге ақпарат ҚР ҚПК-нің 201-бабына (Сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерiн жария етуге жол бермеу) сəйкес жариялануға жатпайды.