Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысының бас полицейі мереке қарсаңында 30-дан астам шенді аруды марапаттады

Түркістан облысының бас полицейі мереке қарсаңында 30-дан астам шенді аруды марапаттады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бүгінгі күні шенді арулар, ерлермен қатар Полиция департаментінің барлық бөлімшелерінде қызмет атқарады. Олардың ішінде тергеушілер, анықтаушылар, криминалистер, жедел уәкілдер, ювеналдық полиция қызметкерлері және учаскелік полиция инспекторлары бар. Нәзік жандылар күнделікті қиын қызметтерін абыроймен атқарып, қатал көрінгенмен, жүректерінде мейірімділік және нәзіктік үлгісі өшпейді. Осынау айтулы мереке қарсаңында Түркістан облысы Полиция департаментінде қызмет атқаратын полицей қыз-келіншектерге арналған мерекелік шара ұйымдастырылды.

– Әйел сұлулық пен әдеміліктің белгісі. Қазақ тарихында қыздарымыз сұлулықтың ғана емес, адалдық пен ақылдылықтың символы болған. Тәуелсіздік алғаннан бері қоғамда әйелдердің маңызы арта түсті. Барлық салада әйелдердің өз үлестерін қосып, қызмет етіп жүргенін ерекше атап өтуге болады. Оның ішінде ішкі істер саласында да ерлермен бірдей қызмет атқарып жүрген шенді арулар бар. Сондықтан барша аналар мен қыз-келіншектердің, апа-әжелереміз бен қаракөз қарындастарымыздың мерекесі құтты болсын. Отбастарыңызға амандық пен бақ-береке тілеймін! Ел үшін адал қызметімізді жалғастырудан шаршамайық, – деп атап өтті Түркістан облысы ПД бастығы Мұрат Қабденов.

Мұрат Қабденов өз құттықтауын жеткізген соң, 30-дан астам полицей аруға марапат пен алғыс хаттарды табыстады.

Атап айтсақ, Халықаралық әйелдер күнін мерекелеуге байланысты және өздерінің қызметтік міндеттерін адал атқарғандары үшін ҚР ІІМ-нің Құрмет грамотасымен полиция капитаны Ақнұр Бекбутаева марапатталса, Құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін медалі полиция подполковнигі Жанар Қалабаеваға табысталды. Сонымен қатар, І дәрежелі «Ішкі істер органдарының үздігі» төсбелгісімен полиция майоры Жанат Хманова, полиция капитандары Жанерке Ибраимова, Айгерім Төрегелдиева және Жанна Шалбековалар марапатталды. Қазақстан Республикасы ІІМ-нің Алғыс хатымен полиция майоры Ләззат Әбубәкірова, Нұрсәуле Байдабекова және тағы осы бұйрықпен 7 қызметкерге алғыс жарияланды.

Сондай-ақ Түркістан облысы Полиция департаментінің грамотасына полиция майоры Меруерт Әбдіқадырқызы, полиция капитаны Жұлдыз Жорабаева, полиция лейтенанты Жансұлу Шәріпбек ие болды.

Түркістан облысы Полиция департаментінің алғыс хатымен Ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің басшысы Гүлнар Абдужаппарова және полиция лейтенанты Баян Лесбек, Түркістан қалалық бастауыш ардагерлер ұйымының мүшесі Асия Бекбауова мен Мария Досыбековалар марапатталып, дәл осындай бұйрықпен 16 қызметкерге алғыс жарияланды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру