Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысы ПД бастығы қызмет бабында қаза тапқан полицейлердің жұбайларын мерекемен құттықтады

Түркістан облысы ПД бастығы қызмет бабында қаза тапқан полицейлердің жұбайларын мерекемен құттықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

8 наурыз әйелдер мерекесіне байланысты Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов игі іске бастама жасады.

Нақтырақ айтсақ, қызмет бабында қайтыс болған полицейлердің жұбайларын арнайы шақырып, мерекемен құттықтады.

–  Қауіпті қызмет саналатын ішкі істер саласында өзіндік қиындықтар кездеседі. Әсіресе, қылмыскерді құрықтаймын деп қауіппен бетпе-бет келеді. Қылмыскерді құрықтағанымен, әркез сәттілік тәртіп сақшыларының жанына серік бола бермейді. Қанды қол қылмыскерлер кей жағдайларда қаруланып, полицейлерді мерт қылады. Десе де, біз қызметін адал атқарып, ерлікпен қаза тапқан әріптестерімізді ешқашан ұмытпаймыз. Олардың ерлігі әрқашан біздің жадымызда, – деп атап өтті киелі өңірдің бас полицейі М.Қабденов.

Қаза болған полицейлердің жұбайларына Түркістан облысы ПД бастығы М.Қабденов гүл шоқтары мен бағалы сыйлықтарын табыстады.

– Ішкі істер саласында қызмет атқарған күйеуімнің қайтыс болғанына биыл 36 жыл болады. Осы аралықта оның әріптестері, яғни полиция қызметкерлері бізді назардан тыс қалдырған емес. Бүгін де арнайы шақырып, өзінің тілегін жеткізіп, сый-сияпаттарын табыстаған Мұрат Қабденовке өзімнің алғысымды жеткіземін. Қызметтеріне сәттілік, отбасыларына амандық тілеймін, –  деді абзал ана Дариға Құдайбергенова.

– Полицияның жұмысы өте ауыр. Олар күн-түн демей кез келген уақытта жұмыстан табылады. Менің күйеуім де осы салада қызметте болды. Тағдырдың қатал сынағымен жұбайым қаза тауып, төрт баламен жалғыз қалдым. Сондықтан күйеуімнің әріптестеріне осындай құрметі үшін шексіз алғысымды білдіремін. Қайда жүрсеңіздер де үйде күтіп отырған жақындарыңызға аман-есен оралыңыздар, – деді қызмет бабында жол апатынан қаза тапқан тәртіп сақшысы Расул Наршабаевтың әйелі Динара.

Түркістан облысының полицейлері бүгінгі күннің батыры, халқына аянбай қызмет ете жүріп ажал құшқан полицейлердің есімдерін, оның отбасын, ұрпағын ұмытпай, әрдайым қолдан келгенше қолдау білдіріп отыруды дәстүрге айналдырған.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру