Түркістандық сақшы әйел қыз-келіншектерді мерекемен құттықтады
8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында Polisia.kz редакциясы қос иығына погон тағып, ерлермен қатар елі мен жерінің тыныштығы үшін аянбай еңбек етіп жүрген арулар жайлы ақпарат ұсынбақ.
Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау инспекторы болып қызмет етіп жүрген Ақмарал әйел жанына терең үңіліп, олардың құқығы үшін шынайы күресіп жүрген қызметкерлердің ішіндегі жанкештісі.
Өз жұмысына өте тиянақты, Төлеби аудандық полиция бөлімінде қызмет атқарып келе жатқан 12 жылдың ішінде абыройы еселеніп, адамдық қасиетінен айнымай, өз қағидасын берік сақтап келеді. Жұмысының өзін хоббиға айналдырып, бос уақытында психологияны зерттеп, зерделегенді ұнатады.
Қызметіне осындай құштарлықпен берілген полиция лейтенанты біз өмір сүріп жатқан қоғамда таптырмас маман. Полицей ару Ақмарал мереке қарсаңында ең алдымен анасы Зибакүл Еркінбекқызына және өзі секілді құқық қорғау саласындағы барша нәзік жандыларға құттықтау жолдап, жылы лебізін білдірді.
– Бұл өмірдегі жалғыз жанашырым, жәннатым, ардақтым да аяулы анама мерекеңіз құтты болсын деймін. Аузынан ақ батасы түспейтін менің анам отбасымыздың құты мен ырысы. Ол – біздің байлығымыз, берекеміз. Алтын анашым жасыңыз жүзге жетсін. Ал барша қыз-келіншектерге, соның ішінде полиция қызметіндегі аруларға айтарым, басшылық тарапынан бәріне берілетін тапсырма бірдей. Сондықтан қарбалас жұмыстың арасында шапқылап жүріп, отбасы мен жұмысына қатар көңіл бөліп, бәрін бірге алып жүрген әйелдердің орны бөлек. Бұл жылдың көктемі оларға табысты болып, өмірлерінде көптеген оң өзгерістер болуына тілектеспін. Ұл тәрбиелеп отырған анамын және қызметім де әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау болғандықтан, кез келген қыз баласына ана ретінде құрметпен қараймын. Наурызда туған айдың сәулесі әр бойжеткеннің көркін нұрландырып, атқан таңның шапағы барша адамзат баласының жүрегіне мейірім ұялатады, қоғамдағы әйелдердің беделі арта берсін. Елімізде тыныштық болсын, һәм бейбіт өмір сүрейік. Бұл өмірде ешкімнің құқығы тапталмасын.