Қызылорда облысында есептегі сотталған шартты түрде мерзімінен бұрын босатылды
Қызылорда облысында есептегі сотталған шартты түрде мерзімінен бұрын босатылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қармақшы аудандық пробация есебіне алынған А. есімді азамат бөтеннің мүлкін жымқыру ниетімен танысының үйінен жасырын ақша ұрлаған. Ол сот үкімімен ҚР ҚК-нің 188-бабы 3-бөлігінің 3-тармағымен (Ұрлық) кінәлі деп танылған. Оған екі жыл алты ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, жазасын өтеу үшін Қармақшы аудандық пробация қызметінің есебіне алынған.
Сотталған «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жазасының өтелмеген мерзімінің үштен бір бөлігі, яғни алты ай екі күн мерзімі қысқартылған. Сотталған жаза өтеу барысында өзіне сот тағайындаған жазаның белгілі мөлшерін өтеуіне байланысты ҚР ҚК-нің 72-бабына (Жазаны өтеуден шартты түрде мерзiмiнен бұрын босату) сәйкес сот органына жазасынан шартты түрді мерзімінен бұрын босату үшін өтініш жолданып, ол Қармақшы аудандық сотымен WhatsАpp мобильді қосымшасы арқылы қаралды.
Сот отырысында судья сотталған жаза өтеу барысында белгіленген тәртіп бұзбағандығын, сот шығындарын толық өтегендігін, пробация қызметімен жақсы мінезделіп, ұйымдастырылған спорттық, мәдени іс-шаралар мен түрлі кездесулерге қатысып, пробация қызметімен қойылған талаптарды бұзбағанын ескеріп, сотталғанның өтінішін қанағаттандырды. Оны жазасынан шартты түрде мерзімінен бұрын босатты.