Түркістандық полицейлер Балалар ауылының тәрбиеленушілеріне қайырымдылық жасады
Түркістандық полицейлер Наурыз мейрамына орай Балалар ауылының тәрбиеленушілеріне қайырымдылық жасады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысының полицейлері әркез қиналғанның қолдаушысы әрі қорғаушысы болып жүреді. Оның ішінде Түркістан облысы Полиция департаментінің патрульдік полиция батальоны бастығы Қанат Рақышев бастаған полицейлер Наурыз мейрамы аясында игі іс-шара ұйымдастырды.
Яғни, тәртіп сақшылары Арыс қаласында орналасқан Төлеген Тәжібаев атындағы отбасы үлгісіндегі балалар үйінің тәрбиеленушілеріне қолдау көрсетті. Мереке күні қауырт жұмыстарынан уақыт тапқан тәртіп сақшылары балаларды қуантып қайтуға асықты. Бір ауыздан қаражаттарын жинақтап, қолдарына тәттілері мен азық-түліктерін алып, арнайы барды.
Полицейлерден жылулық сезінген аталмыш ұйымның білім алушылары, мұғалімдері Түркістан облысы ПД қызметкерлеріне өз ризашылықтарын білдіріп, мерекемен құттықтады.
– Адам өміріне үлкен жауапкершілікпен қарап, уақытпен санаспай, қалтқысыз қызмет етіп, батылдық пен қамқорлық танытқандарыңыз үшін рақмет айта отырып, отбасыларыңызға амандық, жұмыстарыңызға жетістік тілейміз, – деп атап өтті ұйымның мұғалімдері.