Сарыағашта жол-көлік оқиғасын жасаған мас жүргізуші қамауға алынды
Сарыағашта жол-көлік оқиғасын жасаған мас жүргізуші қамауға алынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сарыағаш АПБ-нің полиция қызметкерлері мас күйінде көлік жүргізудің кезекті жайтын анықтады. Яғни, Құркелес ауылы тас жолы бойында жол-көлік оқиғасы орын алған.
Белгілі болғандай, Volkswagen Passat көлігі қарсы жолаққа шығып, Chevrolet көлігімен соқтығысқан. Жол апатынан зардап шеккендер жоқ, алайда көліктерге материалдық шығын келген.
Тексеру кезінде тәртіп сақшылары Volkswagen Passat жүргізушісі көлікті мас күйінде басқарғанын анықтады. Тәртіп бұзушы медициналық куәландыруға жеткізілді, ол мас болудың «орташа дәрежесін» көрсетті.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 346-бабы (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе осындай адамның көлік құралын басқаруға жіберілуі) бойынша тіркелді.
Полицейлердің анықтауынша, жүргізуші бұрын да ішімдік ішіп, көлік тізгіндегені үшін ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабымен (Алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі жүргізушінің көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын жүргізуді алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамға беруі) жауапқа тартылған. Сол кезде сот жол қауіпсіздік ережесін бұзғаны үшін жергілікті тұрғынды жеті жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырған.
Десек те, өз қателігінен қорытынды шығармаған жүргізуші қайта мас күйде көлік басқарған. Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды.