Түркістандық жігіттің үстінен үш бердей баппен қылмыстық іс қозғалды
Түркістандық жігіттің үстінен үш бердей баппен қылмыстық іс қозғалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Созақ АПБ-ға жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленушінің айтуынша, белгісіз біреу үйіне заңсыз кіріп, теледидары мен 80 келі мал етін жымқырып кеткен.
Созақтық полицейлер бұл жайтты ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеді. Орын алған жайтқа қатысты полицейлерден жедел-тергеу тобы құрылып, іздестіру жұмыстары жүргізілді.
Нәтижесінде, полиция қызметкерлері күдіктіні тәулік ішінде анықтап, полиция бөліміне жеткізді. Ол жергілікті тұрғын жәбірленушінің танысы болып шықты.Тексеру кезінде анықталғандай, күдікті ұрланған етті 12 мың теңгеге, теледидарды төрт мың теңгеге сатып жіберген.
Бұдан бөлек күдіктінің осы отбасының екі бірдей мүшесіне шығын келтіргені анықталды. Яғни, ұсталған жігіт осыдан бір жыл алдын жәбірленуші әйелге келіп, баласының өзіне ақша қарыз екенін айтып сендірген. Содан әйелден алаяқтық жолмен 60 мың теңге ақшасын алып кеткен.
Сондай-ақ, арызданушының ұлын қорқытып, 200 мың теңге тұратын телефонын осы күдікті тартып алғандығы белгілі болды. Күдікті деп танылған ер азаматқа үш бірдей баппен іс қозғалуда. Олар ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық), ҚР ҚК-нің 191-бабы (Тонау), ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық).
Бүгінде күдікті қамауға алынып, оған қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.