Шымкентте жарамазан айтып жүрген 14 жасөспірім анықталды
Шымкентте жарамазан айтып жүрген 14 жасөспірім анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкент қалалық ПД-ның ювеналды полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандар арасындағы және оларға қарсы жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында «Түнгі қаладағы балалар» профилактикалық іс-шарасын жүргізуде.
Нәтижесінде, қала аумағында жүргізілген рейд барысында 44 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген. Атап айтқанда, жарамазан айтып жүрген 14 жасөспірім, түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болған екі жасөспірім, заңды өкілінсіз тұрғын үйден тыс жерлерде болған 27 бала анықталды. Сондай-ақ, кәмелетке толмағандардың ойын-сауық орындарында болуына жол берген бір мекемеге қатысты әкімшілік хаттама толтырылған.
Аталған жайт бойынша, түнгі уақытта мектеп оқушыларының қадағалаусыз жүруінің алдын алу мақсатында Шымкент қаласының білім басқармасына ұсыныс жолданып, балалар мен ата-аналар арасында түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
– Біз мұндай профилактикалық іс-шараларды үнемі жүргізіп отырамыз. Ондағы мақсат – қала тұрғындарының қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз етіп, қылмыстық жайттарды болдырмау және оның алдын алу. Осы тұста, құрметті азаматтар заң бәрімізге ортақ екенін ескертемін. Өз балаларыңыздың тәртібі мен қауіпсіздігі үшін жауапты екендеріңізді назарда ұстаңыздар, – деді Шымкент қаласы ПД бастығы Қайрат Дәлбеков.