Түркістан облысында мөңке балығын заңсыз аулаған браконьерлер ұсталды
Түркістан облысында мөңке балығын заңсыз аулаған браконьерлер ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Көктемде көбейіп, уылдырық шашатын мезгілде балық аулауға тыйым салынады. Мұндай шектеу қою жоғалып бара жатқан жануарлар мен өсімдіктерді қорғау мақсатында жасалады. Атап айтқанда, балықтарды аулауға тыйым салу уақыты жыл сайын 1 сәуірден 31 мамырға дейін жалғасады.
Осыған байланысты браконьерлердің жолын кесу мақсатында Түркістан облысында жедел-профилактикалық жұмыстар күшейе түсті. Аталған іс-шара балық және балық өнімдерін аулау, сату, тасымалдау, сатып алу секілді құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған. Шара бойынша Бәйдібек ауданында заңсыз балық аулау бойынша үш әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді.
Мәселен, бәйдібектік тәртіп сақшылары бір тәуліктің ішінде Бөген су қоймасының шығыс беткейінде балық аулап келе жатқан ер адамды ұстады. Ол тыйым салынған острога шанышқы құралымен алты мөңке балығын аулағаны белгілі болды.
Осы тұрғынның әрекеті ҚР ӘҚБтК-нің 383-бабы 3-бөлігімен (Балық аулау және балық ресурстары мен басқа да су жануарларын қорғау қағидаларын бұзу) тіркеуге алынды. Бүгінде заңсыз аулаған балыққа байланысты мемлекетке келген шығын көлемі анықталуда.
Одан бөлек, рейдтік іс-шара барысында осы көрсетілген аумақта тағы бір браконьерлік жайт анықталды. Бұл жолы да ер адам тыйым салынған острога шанышқы құралымен сазан, мөңке балығын түйреп аулап келе жатқанда ұсталған.
Табиғатқа залал келтірушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 383-бабы 3-бөлімінде (Балық аулау және балық ресурстары мен басқа да су жануарларын қорғау қағидаларын бұзу) көрсетілген әкімшілік шарасы көрілді. Балық аулау және балық ресурстары мен басқа да су жануарларын қорғау қағидаларын бұзғаны үшін жинақталған іс-құжаттар Бәйдібек аудандық сотына жолданды. Заттай дерек ретінде күдіктілерден балық аулау құралдары, шанышқы тәркіленді.