Түркістандық полицейлер балалар арасында шағын футболдан турнир ұйымдастырды
Түркістандық полицейлер балалар арасында шағын футболдан турнир ұйымдастырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы жылды «Балалар жылы» деп жариялауына байланысты және Түркістан облысы ПД бастығы Мұрат Қабденовтің нұсқауына сәйкес, келестік полицейлердің ұйымдастыруымен игі шара өткізілді.
Яғни, тәртіп сақшылары аудандық жасөспірімдер мен балалар спорт мектебінде 14-15 жастағы балалар арасында шағын футболдан жарыс өткізді.
Аталған спорттық шараға төрт команда қатысып, озық ойын үлгісін көрсетті. Іс-шараның негізгі мақсаты – өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағын қалыптастыру, жасөспірімдерді салауатты өмір салтын ұстануға бағыттау.
Тартысқа толы ала доп сайыс соңында Келес АПБ бастығының кадр саясаты жөніндегі орынбасары Саттар Отыншиев сөз алып, жасөспірімдерге алғысын білдірді.
– Құрметті жас дос, жас буын! Бүгін сендерге біздер, яғни полицей ағаларың спорттық жарыс ұйымдастырдық. Жасыл алаңда керемет ойын үлгісін көрсеткендерің үшін рақмет. Осы тұста сендерді тек пайдалы істермен шұғылдануға, теріс әрекеттен аулақ болып, спортқа жақын болуға шақырамыз, – деп атап өтті С. Отыншиев.
Жарыс соңында «Үздік ойыншы», «Үздік қорғаушы», «Үздік шабуылдаушы» номинация иелері мен жеңімпаздар арнайы сыйлықтармен марапатталды.