Түркістандық полицейлер 140 қойды жымқырған бақташыны анықтады
Түркістандық полицейлер 140 қойды жымқырған бақташыны анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Отырар АПБ-не Шымкент қаласының тұрғыны арызданды. Ол өз арызында мал жайылымға 750-ден астам қойын тексеруге барғанында 140 бас қойы мен қозысы жоқ болып шыққанын жеткізді. Оқиға орнына жеткен полицейлер қажетті іс-шараларды жүзеге асырды.
Куәлардан жауап алу барысында бұл қылмысқа жәбірленушінің малын сеніп тапсырған бақташысының қатысы бары анықталды. Жәбірленушіге келтірілген шығын жеті млн теңге.
Белгілі болғандай, бақташы қойларды танысына әрқайсысын 35 мың теңгеге сатып жіберген. Тәртіп сақшылары айғақты зат ретінде ұрланған малдарды тәркілеп алды. Қазіргі таңда бақташы мен сатып алушы Отырар АПБ-не жеткізді.
Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 189-бабы (Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу) бойынша тіркеді. Қазіргі таңда күдікті қамауға алынып, оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.