Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылордада сотталған отбасымен бірге тұруға мүмкіндік алды

Қызылордада сотталған отбасымен бірге тұруға мүмкіндік алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Сотталғандарды тәрбиелеу – түзеу мекемесінің негізгі міндеті. Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ мекемелерінде жазасын өтеп жатқан азаматтармен тәрбие жұмысы жақсы жолға қойылған. Сотталғандардың отбасымен байланысын үзбеу мақсатында пайдалы іс-шаралар өткізіліп келеді.

Осындай іс-шаралардың нәтижесінде, түзелу жолына түскендер аз емес. Қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерінде ішкі күн тәртіп ережелерін бұзбай, қоғамдық, мәдени іс-шараларға қатысып, оң мінез танытқан сотталғандар ҚР ҚАК-нің 143-бабына (Қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерде жазаны өтеу жағдайлары) сәйкес, мекеме орналасқан елді мекен шегінде жалға алынған немесе меншікті тұрғын алаңында өз отбасымен тұруға құқылы.

Қазіргі таңда Қызылорда қаласындағы қауіпсіздігі барынша төмен ЗК-169/4 мекемесіндегі бірнеше сотталған өз отбасымен бірге тұрып жатыр. Олар мекеме бастығының қаулысымен белгіленген күндері айына төрт рет мекемеге тіркелу үшін келіп тұруға және сағат 21:00-ден 07:00-ге дейін тұрғылықты жерінде болуға міндетті.

Мекеме әкімшілігі сотталғандар тұрып жатқан тұрғын үй-жайларға тәуліктің кез келген уақытында барып тексеруге құқылы. Бүгін мекеме қызметкерлері отбасымен бірге тұрып жатқан сотталғандарға тексеру жұмыстарын жүргізді.

– Осы мекемеде 2018 жылдан бері жазамды өтеп жатырмын. Абайсызда жол-көлік оқиғасын жасап, жеті жылға бас бостандығымнан айырылдым. Отбасым Атырау қаласында тұратын. Балаларымның келіп-кетуі де қиындық тудыратын. Жуырда мекеме бастығының қаулысымен отбасыммен бірге осы Қызылорда қаласында тұрып жатырмын. Отбасыңның қасыңда болғанына не жетсін?! Мекеме қызметкерлері сотталғанның отбасымен байланысын үзбеуі үшін тәрбиелік, мәдени шараларды жиі өткізіп тұрады. Сондай шараларға өзім де белсене қатысатынмын. Мекеме қызметкерлеріне алғысымды білдіремін, – дейді сотталған.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру