Түркістан облысында құрылысы бітпеген үйге ұрлыққа түскен шымкенттік анықталды
Түркістан облысында құрылысы бітпеген үйге ұрлыққа түскен шымкенттік анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысында жыл басынан бері пәтер ұрлығы бойынша 180 жайт тіркелген. Оның ашылымы 71%-ды құрады.
Мысалы, Түлкібас АПБ-ға жергілікті тұрғын арызданып келді. Оның айтуынша, құрылыс жұмыстары әлі бітпеген үйіне белгісіз біреулер терезеден кіріп, тұрмыстық техникалар мен құрылысқа қажетті заттарын ұрлап кеткен. Жәбірленушіге келтірілген шығын 800 мың теңгені құрады.
Аталған жайтты полицейлер ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеп, шұғыл іздестіру жұмыстарын бастап кетті.
Түлкібас АПБ-ның қызметкерлері осы ұрлық жайтын ашу мақсатында оқиға орнына тез арада жетіп, қажетті шараларды жүзеге асырды. Жақын аймақтарды мұқият тексеріп шығып, көрген-білгендерден жауап алды. Соның нәтижесінде, небәрі бір тәулік ішінде күдікті ұсталды.
Белгілі болғандай, ұсталған күдікті азамат Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты. Күдікті бас пайдасының қажеттілігі үшін осындай әрекетке барған. Ол түнгі сағат 03:00 шамасында тұрғынның үйіне ұрлыққа түскен. Қазіргі таңда күдікті қамауға алынып, оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Түркістан облысы полицейлері ұрлық қылмысының алдын алу үшін сауда орындарына, ғимараттарға, үйлеріңізге бейнебақылау камералары мен дабылқаққыштар орнатуға, сонымен қатар дүкенді ашық күйде қалдырмай, есік-терезелердің жабылғанына толық көз жеткізуге кеңес береді.