Қызылорда облысында бір күнде жоғалған бала мен жасөспірім табылды
Қызылорда облысында бір күнде жоғалған бала мен жасөспірім табылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бірінші жағдайда Байқоңыр полициясына Г. Дуйсебаева төрт жасар немересінің жоғалып кеткендігі жөнінде 102 арнасына хабарласып, арызданған. Балақай күндізгі уақытта Төретам кенті Жанқожа-Батыр көшесінің бойында орналасқан дүкеніне әжесімен бірге барған уақытта дүкен ішінен шығып кеткен.
Әжесі бірден полиция қызметкерлеріне жүгінген. Iздестiру жұмыстарына ҚР ІІМ Байқоңыр қаласындағы өкілдігінің жеке құрамы жұмылдырылды. Жедел жүргізілген іздеу шараларының нәтижесінде, төрт жастағы балақай табылып, аман-есен әжесіне табысталды.
Екінші жағдайда Қызылорда қалалық Полиция басқармасының 102 арнасына жасөспірімнің 39 жастағы анасы хабарласып, арызданған. Қала тұрғынының айтуынша 14 жастағы жасөспірім 21 сәуір күні кешкі уақыт 21:30 шамасында үйінен белгісіз бағытқа шығып кетіп, қайта оралмаған. Келеді деген үмітпен бойжеткеннің барлық достарына, оқытушыларына, туысқандарына хабарласып мән-жәйді түсіндіріп, іздеу салады.
Телефон арқылы іздеу салғандарынан нәтиже шықпағандықтан полицейлердің көмегіне жүгінген. Жоғалған жасөспірімді табуға Ақсай полиция бөлімі бүкіл жеке құрамы мен ювеналды полиция бөлімшесінің қызметкерлері жұмылдырылды.
Жедел жүргізілген іздеу шараларының нәтижесінде, 14 жастағы жасөспірім 22 сәуір күні кешкілік уақыт 18:00 шамасында қала орталығындағы көшелердің бірінен табылды. Ақсай полиция бөлімінің Ювеналды полиция бөлімшесінің қызметкерлері жасөспірімді аман-есен тауып, ата-анасына табыстады.
Табылған балақай мен жасөспірімнің ата-аналары тәртіп сақшыларына өз алғыстарын білдірді.