Қызылорда облысында есептегі сотталғандар арнайы жолдамамен жұмысқа орналасты
Қызылорда облысында есептегі сотталғандар арнайы жолдамамен жұмысқа орналасты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шиелі аудандық мәдениет үйінде аудандық жұмыспен қамту бөлімі, аудандық прокуратураның және аудандық пробация қызметінің ұйымдастыруымен бос орындар жәрмеңкесі өтті. Осы жәрмеңкеге аудандық пробация қызметінің есебіндегі үш сотталған жұмыс іздеуші ретінде қатысты.
Нәтижесінде, электрик мамандығы бар сотталған өз мамандығына сәйкес жұмысқа орналасуға жолдама алды. Екінші сотталған бұрғылаушының көмекшісі ретінде жұмысқа орналасуға мүмкіндік алды.
Ал тағы бір есептегі әйел тіс емдеу орталығына еден жуушы ретінде жұмысқа орналасты. Бұл азаматшаға ҚР ҚК-нің 191-бабымен (Тонау) үш жыл мерзiмге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, пробациялық бақылауға алынған болатын.
– Бүгінгі жәрмеңкеге жұмыс іздеп келіп едім. Өзіме қолайлы жұмыс таптым. Енді адал еңбек етіп, балаларыма жақсы тәрбие беремін. Бүгінгі шарадан жұмыс тауып жатқан азаматтарды байқадым. Ұйымдастырушыларға алғысым шексіз, – деді есептегі азаматша.
– Есепте тұрған сотталғандарды жұмысқа орналастыру – олардың құқық бұзушылықтар мен қайта қылмыс жасауларының алдын алу. Жыл басынан есептегі 10 сотталған тұрақты жұмысқа орналастырылды. Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінің есебінде тұрғандарды жұмыспен қамту мақсатында Шиелі ауданы әкімдігінің қаулысымен жұмыс орындарына квота бекітілген. Есептегі жұмыссыз үш адам квотамен жұмысқа орналасты, – деді аудандық пробация қызметінің аға инспекторы Бердібек Сүлейменов.