Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында асыл тұқымды күшікті ұрлаған екеу ұсталды

Түркістан облысында асыл тұқымды күшікті ұрлаған екеу ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түлкібас АПБ-ға жергілік тұрғын арызданған. Ол арызында үй есігінің алдынан өзіне тиесілі қара түсті неміс күшігін белгісіз біреулердің ұрлап кеткендігін көрсеткен. Жәбірленушіге келтірілген шығын 40 мың теңгені құрады.

Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеуге алып, бірден іске кірісті. Жедел уәкілдер мен учаскелік полиция инспекторлары куәлардан жауап алып, оқиға орын алған жердегі бейнебақылау камераларын түгел тексеріп шықты.

Тыңғылықты жүргізілген жедел-іздестіру жұмыстары барысында күшік ұрлаған күдіктілердің жеке басы анықталды. Нәтижесінде, ұрлыққа қатысы бар күдікті екі ер азамат тұрғылықты мекенжайларынан құрықталды. Ұрланған күшік күдіктінің бірінің сарайынан табылып, айғақты зат ретінде алынды. Қазіргі таңда аталған неміс күшігі өз иесіне қайтарылды.

Анықталғандай, екі тұрғын көше бойында келе жатып, аула сыртында бос жүрген күшікті көрген. Олар мұның асыл тұқымды, қымбат күшік екенін біліп, оңай олжаға кенелуді көздеген. Содан иесінің жоқтығын пайдаланып, күшікті жымқырып кеткен. Оны күдіктінің бірі өз сарайына қамап қойған.

Қазіргі таңда аталған іске қатысты тергеу амалдары жүргізіліп, күдіктілердің бұдан да басқа қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру