ІІМ қоғамдық кеңесінің мүшелері полиция кадрларын даярлауды зерделеді
ІІМ қоғамдық кеңесінің мүшелері полиция кадрларын даярлауды зерделеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция кадрларын даярлауды ведомствоның қоғамдық кеңесінің мүшелері М. Есболатов атындағы ІІМ Алматы академиясында зерделеді. Академия бастығы Айдар Сейтбеков кадрларды даярлау жүйесінің қазіргі міндеттері мен оны реформалау шаралары туралы айтып берді.
Қонақтарға өткен жылы басшылық және орта басшы құрамды даярлау факультеттері үшін басталған «Оқу жетістіктерін бағалаудың инновациялық жүйесі» пилоттық жобасы ұсынылды.
Академияда ішкі істер органдарын басқарудың жаңа форматтағы заманауи дайындық үлгісі, білім алушының үлгерімін бағалай отырып, жеке рейтингі қолданылатыны айтылды. Бүгінгі таңда бұл жүйе жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру факультетінде енгізілуде, оны кәсіби дайындық факультетінде де енгізу жоспарлануда.
Қоғамдық белсенділер ІІМ жүйесіндегі проблемалық мәселелерге қатысты өз пікірлері мен көзқарастарын білдірді. Amanat партиясы жанындағы отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің мүшесі Жанар Ахметова IT-саласында оқытуды жетілдіру, әсіресе алаяқтықпен күресу үшін маңызды деп санайды.
ҚР ІІМ Қоғамдық кеңесінің мүшесі, Әл-Фараби атындағы Ұлттық университеті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі ҒЗИ директоры, Адвокаттар одағының президенті Әнуар Түгел өз сөзінде халықпен диалог жүргізген адвокаттардың жеке рөлін атап өтті.
Қоғамдық кеңес төрағасы Рахым Ошақбаев қаңтар айындағы оқиғаларды тергеу кезінде адам құқықтарының бұзылуы мәселесіне тоқталды.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сырым Адамбаев ІІО қызметкерлерін әлеуметтік қорғауды реттейтін нормативтік-құқықтық актілердегі олқылықтарға тоқталып, заңнамаға өзгерістер енгізілген жағдайда қолдауға дайын екенін атап өтті.
Кездесу аясында ІІМ үшін кадрлар даярлау барысымен таныстыруды ұйымдастыруды, сондай-ақ академияның ішінде болуы мүмкін тұрмыстық жанжалдардың алдын алуды ұсынды. Білім беру мекемелерінің өкілдеріне апта сайын мектеп оқушыларын полиция үшін кадрлар даярлаумен таныстыруды ұсынды.
Іскер әйелдер қауымдастығы төрағасының орынбасары Баян Тойкебаева бұл ұсыныстарды қолдап, бастамаларға жәрдемдесуге дайын екенін мәлімдеді.
Кеңес төрағасы Рахым Ошақбаев кездесуді қорытындылай келе, аталған оқу орнында ғана емес, жалпы ведомствоның барлық білім беру ұйымдарында да даярлау және қайта даярлау жүйесін жаңарту қажеттігін айтты.
Кездесу қорытындысы бойынша Кеңес болашақ тәртіп сақшыларын даярлауды қоса алғанда, ішкі істер органдары жүйесін жетілдіру бойынша ұсынымдар пакеті дайындалатын болады.