Түркістан облысында автобөлшек ұрлағандар «ізін суытпай» ұсталды
Түркістан облысында автобөлшек ұрлағандар «ізін суытпай» ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сайрам АПБ-ның учаскелік полиция инспекторлары Шерхан Алтай мен Нұржан Сейітов қызмет атқару кезінде бөтеннің мүлкіне қол сұғып, комбайнның бөлшектерін жымқырып бара жатқан жас жігіттерді оқиға орнында ұстады. Тәртіп сақшылары ұрланған мүліктің иесін тез арада анықтап, оған ұрлық қылмысы жайлы хабарлады.
Болған жайтты толығырақ айтар болсақ, учаскелік полиция инспекторлары түнгі уақытта өздеріне бекітілген әкімшілік аумақты аралау кезінде жарықшамдары қосылмаған Volkswagen көлігін байқады. Тәртіп сақшылары бірден екі жас жігіт отырған күмәнді көлікті тоқтатты. Содан полицейлердің сұрағына жас жігіттер жүк көлігінің қосалқы бөлшектерін жөндеу үшін алып бара жатқандарын айтқан. Алайда тәжірибелі учаскелік полиция инспекторлары тұрғындардың сөзіне күмәнмен қарап, толыққанды тексеру жүргізуге кіріседі.
Тексеру барысында тәртіп сақшылары көліктің жүк салғышынан екі дана ауыл шаруашылық техникасының бөлшектерін тапты. Кейіннен қырағы полицейлер қосалқы бөлшектердің ескі комбайннан ұрлағанын анықтады.
Учаскелік полиция инспекторлары тез арада ұрлық қылмысы туралы кезекші бөлімге хабарлап, ұрланған автобөлшектердің иесін анықтады. Полицейлер ұрланған мүлікті Сайрам АПБ-ға арызданған жәбірленушіге қайтарып берді. Ұрланған қосалқы бөлшектердің құны шамамен 50 мың теңгені құрады.
Ұрлық жасап ұсталғандар одан әрі тексеру жұмыстарын жүргізу үшін АПБ-ға жеткізілді. Күдікті екеу Төлеби ауданының тұрғындары болып шықты.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша СДТБТ-ға тіркелді. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Полицейлер ұрылардың басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығын анықтайды.