Мақтааралда 800 мың теңгенің электр сымдарын ұрлаған күдіктілер ұсталды
Мақтааралда 800 мың теңгенің электр сымдарын ұрлаған күдіктілер ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мақтаарал аудандық полиция бөліміне фирмалардың бірінен ұрлықтың құрбаны болғандығы жөнінде хабар келіп түскен. Онда өздеріне қарасты учаскелерінде орнатылып жатқан 4200 метр, құны 800 мың теңгеге жуық болатын электр сымдарын белгісіз біреулердің ұрлап кеткендігі көрсетілген.
Аталған жайтты полицейлер ҚР ҚК-нің 188-бабы 2-бөлігі 1-тармағы (Ұрлық) бойынша тіркеуге алды. Мақтаарал ауданының полицейлері осы ұрлық жайтын ашу мақсатында оқиға орнына тез арада келіп, қажетті шараларды жүзеге асырды. Жақын аймақтарды мұқият тексеріп шығып, көрген-білгендерден жауап алды. Соның нәтижесінде, күдікті ретінде екі жергілікті тұрғын анықталып, олар тұрғылықты мекенжайларынан ұсталды.
Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктілердің бұдан басқа ұрлық қылмысына қатысы бар-жоғы анықталуда. Тексеру барысында анықталғандай, күдіктілер несиелерін жабу мақсатында өзара сыбайласып, электр сымдарын бағаналардан қиып алып, жымқырып кеткен. Олар ұрлаған сымдарды сатып, ақшасын бас пайдаларының қажеттілігі үшін жаратып жіберген.