Жыл басынан СҚО-да қараусыз қалған малдың қатысуымен бес жол-көлік оқиғасы тіркелді
Жыл басынан СҚО-да қараусыз қалған малдың қатысуымен бес жол-көлік оқиғасы тіркелді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қараусыз қалған мал жол қозғалысының қатысушыларына қауіп төндіретіні сөзсіз. Әсіресе, автокөлік иелері қараңғы түскен кезде жолда сақ болуы тиіс.
– Арнайы белгілер, жануарлардың макеттері орнатылған аумақтарда жылдамдықты азайтқан абзал. Күтпеген жерден жануарлар шыға келуі мүмкін екенін естен шығармау қажет. Әрі еркін жайылымда жүрген ауыл шаруашылығы жануарлары бөтеннің қолында кетуі де әбден мүмкін, – деп атап өтті СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.
Осындай қараусыз қалған ашатұяқтыны 8 мамыр күні ымырт үйіріле бастаған уақытта Петрефельд ауылының маңында жүйткіп келе жатқан Ravon Nexia автокөлігі қағып кетті. Көлікті басқарып келе жатқан 43 жастағы қала тұрғыны емдеу мекемесіне жүгінді. Салдарынан көлікке механикалық зақым келтірілді, ал жануар оқиға орнында мерт болды.
Жануардың иесіне қатысты КР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 408-бабы (Ауыл шаруашылығы жанураларын жаю қағидаларын бұзу) бойынша әкімшілік материал жиналды.
Жыл басынан Солтүстік Қазақстан облысында төрт түлік малдың қатысуымен бес жол-көлік оқиғасы тіркелді.