Түркістандық полицейлер шөл далада екі күн бойы адасып жүрген ер адамды тапты
Түркістандық полицейлер шөл далада екі күн бойы адасып жүрген ер адамды тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Отырар АПБ-ға кешкі сағат 17:00 шамасында Шәуілдір ауылының тұрғыны 102 сымтетігі арқылы хабарласқан. Ол әйелдің айтуынша, өзінің 29 жастағы бірінші топтағы мүгедек ұлын жоғалтып алған. Яғни, ұлы шалғайда орналасқан мал жайылымдық алқаптағы үйден белгісіз бағытта шығып кетіп, содан қайтып оралмаған.
Бір күн бойы іздеп таба алмаған баланың туыстары полиция қызметкерлерінен көмек сұраған. Отырар АПБ қызметкерлері хабар алысымен жедел қимылдап, жеке құрам толық жұмылдырылды. Бұдан бөлек бұл құрамға еріктілер қосылып, жалпы 50 адамнан құралған топ жоғалған ер адамды іздеуге кірісті.
Полицейлер өзге де мал жайылымдық алқаптарды, Қызылорда облысы және Өзбекстан Республикасымен шектесетін құмды аймақтарға дейін түгел аралап шықты. Күні-түні дамыл таппай іздеу нәтижесінде, жоғалған адам екі күннен соң 20 шақырым қашықтықтағы шөл даладан табылды. Тәртіп сақшылары табылған ұлды аман-есен анасына табыстады.
Анықталғандай бұл отбасының жеке мал жайылымдық алқабы және онда вагон үйшігінен жасалған баспанасы болған. Жанұя мүшелері сыртта малдарының жем-суын беріп, абыр-сабыр болып жүргенде мүгедек ұлдың үйшіктен шығып кеткенін ешкім байқамаған.
Өз кезегінде баланың анасы полицейлердің қырағылығына риза болып, алғысын айтты. Бұған қоса жоғалған ұлдың туыстары сақшылардың екі күн бойы тынымсыз атқарған жұмыстарына шексіз ризашылықтарын білдірді.