ІІМ басшысы елордалық полиция басқармасына барды
Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің «Байқоңыр» аудандық полиция басқармасына барды, – деп хабарлайды Polisia.kz тілшісі.
Ведомство басшысы нысанның материалдық-техникалық жарақтандырылуын тексерді, қызметкерлердің жұмысымен танысып, аудандық полицияның жеке құрамымен сөйлесті.
«Халықпен тығыз жұмыс істейтін сіздерсіздер. Сондықтан сіздерге қарап, полицияға, бүкіл мемлекеттік органдарға баға беріледі. Алдыңғы шепте болған соң, жауапкершілік үлкен. 1 маусымнан бастап жалақыларыңыз қосылады. Жұмысқа адал болуларыңыз керек. Бірінші кезекте халыққа жақын болып, халықтың үніне құлақ асуымыз қажет», – деді министр.
Марат Ахметжанов полиция қызметін толық цифрландырып, артық қағазбастылықтан арылу қажеттігі туралы айтты. Сондай-ақ қызметкерлерге жұмысты тәртіппен жасап, өз қатарларында сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу керектігін еске салды. Ведомство тарапынан полицейлердің азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тиімді жұмыс істеуі үшін барлық жағдай жасалатынын жеткізді.
Министр полиция ғимаратына келушілермен де сөйлесті. Арызданушылардың әрқайсысын тыңдап, олардың сұрақтарына жауап беріп, мәселелердің түйінін шешу үшін тиісті қызмет бастықтарына нақты тапсырмалар берді.
Ведомство жетекшісі полиция басқармасының кезекші бөлімінде, сонымен қатар анықтау және тергеу бөлімдерінде болып, «Байқоңыр» ауданының криминогендік жағдайын зерттеді.