Жамбылдық полицейлер автожолдарда 7,5 мыңға жуық ақауды анықтады
Жамбылдық полицейлер автожолдарда 7,5 мыңға жуық ақауды анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жыл басынан бері жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында облыс жолдарына 914 тексеру жүргізілсе, тексерулер 9 449 шақырым жолды қамтыды.
– Тексеру барысында облыс жолдарында 7 447 ақау анықталды. Тексеру нәтижелері бойынша жол ұйымдарының басшыларына орындау үшін 914 нұсқама берілді. Автомобиль жолдарын күтіп ұстаудағы кемшіліктер бойынша жергілікті атқарушы органдарға 315 ақпарат жолданды. Автомобиль жолдарын қанағаттанарлықсыз ұстағаны және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етпегені үшін 105 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды, олардың ішінде Меркі ауылдық округінің, Т.Рысқұлов ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің маманы, Жуалы ауданының ауылдық округтерінің әкімдері және заңгерлік кеңселері бар, – деді Жамбыл облысы ПД ӘПБ бастығы Жайдарбек Құттыбаев.
Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 631-бабымен (Жолдарда жұмыстар жүргізу, жолдарды, темiржол өтпелерiн және басқа да жол құрылысжайларын күтiп-ұстау жөніндегі талаптарды орындамау) автомобиль жолдарындағы жұмыстарды орындау, автомобиль жолдарын, темір жол өткелдерін және басқа да жол құрылыстарын күтіп ұстау талаптарын орындамағаны үшін 75 лауазымды тұлға, тағы бір жауапты адам осы іс-әрекеті үшін, жол-көлік оқиғасына әкеп соққаны үшін жауапкершілікке тартылды.
Тағы 28 лауазымды тұлғаға қатысты жолдарды, теміржол өтпелерін және басқа да құрылыстарды немесе жол жүрісін реттеудің техникалық құралдарын бүлдіргені үшін ҚР ӘҚБтК-нің 630-бабы 1-бөлігі (Жолдарды, темiржол өтпелерiн және басқа жол құрылыстарын бүлдiру) бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Ал Т. Рысқұлов аудандық ішкі істер бөлімімен берілген нұсқаманы орындамағаны үшін аудандық маңызы бар жолдарды күтіп ұстауға жауапты лауазымды тұлға ҚР ӘҚБтК-нің 462-бабының 3-бөлігімен (Мемлекеттік инспекциялар мен мемлекеттік бақылау және қадағалау органдарының лауазымды адамдарына өздерінің қызметтік міндеттерін орындауына кедергі келтіру, қаулыларды, нұсқамаларды және өзге де талаптарды орындамау) әкімшілік жауапкершілікке тартылды.