Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да чипсы тиелген фура аударылып қалды

СҚО-да чипсы тиелген фура аударылып қалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қызылжар ауданындағы Кондратовка ауылының маңында Ақтөбелік жүргізушінің фурасы істен шығып, бес сағат бойы жолда тұрған. Өткен сенбі күні сағат 15:00 кезінде ауылға бұрылатын жолдан бір шақырым жерде қозғалтқыш бөлігінде пайда болған ақау салдарынан 43 жастағы жүргізуші басқарып келе жатқан MAN жүк көлігі аударылып, оң жағымен жатып қалған.

Бес тонна чипсы тасымалдап келе жатқан жүргізуші Новосибирск қаласынан Қостанай қаласына бет алып бара жатқан. Сол маңнан өтіп бара жатқан жүргізушілер бұл туралы жол сақшыларына хабарлаған.

Челябі – Новосібір автожолында патрульдеуде жүрген патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Әділ Қазиев пен Серік Сейпиев жол-көлік оқиғасы болған жерге жылдам келіп жетті. Полицейлер Мамлют ауданынан «Қазавтожол» ЖШС ауыр техникасын көмекке шақырды. Алайда жолдан шығып кеткен жүк көлігін шығару оңай болмады. Бұл уақытта облыс орталығынан тәртіп сақшылары шақырған КамАЗ көлігіне орнатылған кран келіп жетті. Рефрижератор фураның алдыңғы және артқы бөліктерін ажыратып шығаруға тура келді. Барлық жұмыстар кешкі сағат 21:00-ге таман аяқталды.

– Оқиға туралы хабарды алған соң бірден жүргізушіге қарай бет алдық. Көмек ұйымдастырып, жол қауіпсіздігін қамтамасыз еттік. Жүргізуші біздің өңірдің тұрғыны емес, кімге және қайда жүгінуді білмеген, – дейді патрульдік полиция батальонының инспекторы Әділ Қазиев.

Жүргізуші көлікті шығаруға қатысқандардың барлығына алғысын білдіріп, келесі күні кешкісін ақауларын реттеген соң сапарын жалғастырды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру