Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО бойынша ҚАЖ мекемелерінде 17 сотталған мектепті аяқтады

СҚО бойынша ҚАЖ мекемелерінде 17 сотталған мектепті аяқтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Соңғы қоңырау 25 мамырда Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің ЕС-164/3,6 мекемелерінде жазасын өтеп жатқан 17 сотталған үшін соғылды. Ең үлкен түлек – 34 жаста. Наталья сегізінші сыныптан кейін оқуын тастап кетті, бірақ оны колонияда жалғастыра алды. Биыл «сырттай кеңес беру пунктін» (мектепті) 17 сотталған аяқтады.

– Көңіл-күй ерекше. Мен 11 сыныпты бітіргеніме өте қуаныштымын. Алдағы уақытта колледжге түсіп, мамандық иесі атануға талпынысым бар. Мен тігінші болуды жоспарлап отырмын, өйткені бұл өте қажет мамандық, босатылғаннан кейін өз ательемді ашуды армандаймын, – дейді 20 жастағы сотталған Ульяна.

– Мекемеге келмес бұрын менде 8 сыныптық орта білім болды. Мекемеде маған мектепті бітіру мүмкіндігі берілді. Бүгін мен мектепті бітіріп жатырмын. Колледжге түсуді жоспарлап отырмын, шаштараз-визажист мамандығын оқығым келеді. Мені анам, күйеуім, ұлым, 84 жастағы әжем бостандықта күтуде. Барлығы мені өте жақсы көреді. 34 жаста соңғы қоңырауды естіген басқаша екен. Тіпті бітіруші түлектің лентасы бар, бәрі өзім күткендей. Оқу, мамандық алу, жұмыс істеу сынды жоспарларым көп, – дейді 34 жастағы сотталған Наталья.

– 2021-2022 оқу жылында жалпы орта білімі жоқ барлық сотталғандар оқытумен қамтылды. Барлығы 77 сотталған облыс мекемелеріндегі мектепте оқыды. Мекемеге жазасын өтеуге келген сотталғандар, егер оларда орта білімі болмаса, 35 жасқа дейін ҚР ҚАК-нің 127-бабына сәйкес, мектепті бітіруге міндетті, 35 жастан кейін сотталғанның қалауы бойынша мектепті тәмамдауына болады. Бас бостандығынан айыру орындарындағы оқу жоспарының бағдарламасы отандық білім беру жүйесінен еш айырмашылығы жоқ, мемлекеттік емтихандарды тапсырғаннан кейін оларға аттестаттар беріледі. Мекеме базасында 11-сыныптан кейін сотталғандар «Петропавл кәсіптік колледжінде» тігінші, қаптаушы, плиташы және тағы басқа да сұранысқа ие мамандықтар бойынша орта-арнайы білім ала алады. 9 және 11-сыныптардың аттестаттарын тапсыру – 2022 жылғы маусым айының екінші жартысына жоспарланған, – деді СҚО бойынша ҚАЖД ЕС-164/6 мекемесінің бастығы Қанат Сүлейменов.

Мектеп әкімшілігі мен директоры түлектерді орта мектепті бітіруімен құттықтады. Енді сотталғандар емтихан тапсырады, содан кейін оларға жалпы білім беретін мектепті бітіргені туралы аттестаттар берілетін болады.

2021 жылы облыс мекемелерінде 46 сотталған, 2022 жылы 77 сотталған білім алды. 2021 жылы да, 2022 жылы да 17 сотталған мектепті тәмамдады. Бүгінгі таңда Солтүстік Қазақстан облысының мекемелерінде 1500-ден астам сотталған жазасын өтеп жатыр.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру