Ақтөбе облысының тұрғыны алаяқтың арбауына түсіп қалды: «әскердегі ұлына ақша аударған»
Ақтөбе облысының тұрғыны алаяқтың арбауына түсіп қалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
27 мамырда 50 жастағы Алға ауданы тұрғынының Whatsapp мессенджеріне әскерде қызмет ететін ұлынан хабарлама келген. Ұлы әкесінен телефон сатып алу үшін 40 мың теңге ақшаны картаға аударуын өтінген. Кейінірек ұлынан кері байланыс болмай, әкесі алаяқтарға тап болғанын түсінген.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды және күдіктіні анықтау мен ұстауға бағытталған жедел іс-шаралар жүргізілуде.
Азаматтар алаяқтық туралы күнделікті ескертулерге қарамастан, осындай жағдайларға тап болуда.
– Құрметті азаматтар, ақша аударуға асықпаңыздар! Алдымен туыстарыңызға немесе достарыңызға қоңырау шалыңыз және оларда бәрі жақсы екеніне көз жеткізіңіз. Сондай-ақ, банкинг қызметтеріне қол жеткізу құпия сөздерін үнемі өзгертіп отырыңыз, төлем жүйелерінде бар қауіпсіздік шараларын қолданыңыз. Алаяқтар құрбандарының алданғандарын түсінбеуі үшін асықтыратынын есте сақтаңыз, – деп ескертеді Ақтөбе облысының полицейлері.