Шымкентте мас күйде дүкенге ұрлыққа түскен ер адамның бас бостандығы шектелді
Шымкентте мас күйде дүкенге ұрлыққа түскен ер адамның бас бостандығы шектелді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкенттік тұрғын түнгі уақытта мас халде темекі алу үшін дүкен іздеп шығып, онда ешкімнің жоқтығын пайдалана отырып, ұрлыққа түскен. Яғни, есікті бұзып, ішінен шарап, сусындар мен темекілерді және кассада тұрған ақшаны алып, бой тасалаған. Кәсіпкерге 150 мың теңгеге жуық шығын келтірген.
Аталған жайт бойынша дүкен иесі Қаратау ауданы Полиция басқармасына 102 арнасы арқылы арызданған. Тәртіп сақшылары жедел-іздестіру шараларын жүргізіп, куәлерден жауап алып, жақын маңдағы бейнебақылау камераларын жіті қараған.
Нәтижесінде, ұрлыққа түскен азаматтың жеке басы анықталып, қала аумағынан ұсталды. Ер адам өз кінәсін толықтай мойындап, кешірім сұраған. Келтірілген шығынды өтеген.
Қылмысты алкогольдік масаң күйде жасағаны үшін ҚК-нің 188-бабымен (Ұрлық) кінәлі деп танылып, оған осы баппен үш жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалған.