Ақтауда көлік терезелерін күңгірттеген жүргізуші айыппұл арқалады
Ақтауда көлік терезелерін күңгірттеген жүргізуші айыппұл арқалады, – деп хабарлайды Polisia.kz
Автокөліктің алдыңғы екі бүйір және желқағар терезелерін арнайы пленкалар арқылы күңгірттеу – заңға қайшы келетін әрекет. Алайда көп жүргізушілер заң талабын елемей, әртүрлі деңгейдегі пленкаларды жабыстырып, күн сәулесін өткізбейтін перделерді пайдалануын тоқтатпай тұр. Көлік басқарып келе жатқан жүргізушінің көру деңгейін ешқандай қосалқы заттар шектемеуі тиіс.
Ақтаулық жол сақшылар жүргізушілердің құқық тәртібін арттыру, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тәулік бойы қызмет атқарады.
Мәселен, өткізілген рейдтік іс-шара барысында 14 шағын ауданнан алдыңғы бүйір терезелерге перде таққандығы үшін Toyota Camry автокөлігі тоқтатылды. Тексеру барысында жүргізушінің бұл құқық бұзушылықты бір ай бұрын жасағандығы анықталып, қайтадан заң бұзушылыққа жол бергендігі үшін ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы 10-бөлігі бойынша хаттама жасақталды. Бұл заңда көрсетілген айыппұл мөлшері 61 260 теңгені құрайды.
Маңғыстау облысы Полиция департаменті жүргізушілерді осы және өзге де техникалық регламенттердің, ұлттық стандарттардың талаптарына сай келмейтiн, сондай-ақ көлік құралдарын пайдалануға тыйым салынатын ақаулары мен жағдайлары бар автокөліктерді басқармауларыңызды сұрайды.